Шымкент полицейлері 40-тан астам тұрғынды алдаған алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазан, қараша айларында Абай және Қаратау аудандық Полиция басқармаларына ондаған азамат алаяқтың құрбаны болғанын айтып, арызданған. Жәбірленушілер үйіне белгісіз ер адам келіп, өзін елге танымал ірі компанияның қызметкері ретінде көрсетіп, тегін қызмет ұсынғанын хабарлады. Артынша ол арнайы бағдарламаға тіркеймін деген сылтаумен құрбандарының телефонын алып, олардың жеке мәліметтерін пайдалана отырып, онлайн несие рәсімдеген. Ақшаны жақын туысының есеп шотына түсіріп отырған. Осылайша, жас жігіт 44 сенгіш азаматты алдап үлгерген. Келтірілген шығын көлемі 6 млн теңгеден асады.