18+

Білікті дәрігерлерден онлайн-кеңес алу қызметі жанданады

фото: facebook.com/shymkent.media

Биыл шаһарда азаматтығы жоқ және басқа топтарға жататын 596 тұлға алғаш рет емханаға тіркелді. Сондай-ақ, пациенттер үшін қашықтан медициналық көмек көрсету қызметі жанданады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникация орталығында емханаға тіркелу науқанының қорытындысын жариялаған брифингте айтылды, деп хабарлайдыШымкент Келбеті Ресми Парақшасы.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Раймбекұлы емхананы еркін таңдау барысында Шымкентте 1 170 048 тұлға 59 емханаға тіркелгенін атап өтті.

– Статистикалық мәліметтер тіркеу науқанына қала тұрғындарының жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Өткен жылы Шымкент қаласы бойынша 4 570 шетелдік пен 412 қандасымыз «Емханаңды таңда» акциясы аясында медициналық ұйымдарға тіркелген. Ал, биыл бұл жеңілдікті 128 шетелдік пен 18 қандасымыз пайдаланған. Науқан аясында азаматтығы жоқ және басқа топтарға жататын 596 тұлға алғаш рет емханаға тіркелді. Ал еркін таңдау құқығын пайдаланбаған тұлғалар бұрын қызмет көрсетілген ұйымына бекітілген болып қалады, – деп атап өтті Сәбит Құралбек. Акция аясында емханасын таңдаған пациенттер медициналық қызметті келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап алады.

Бұдан бөлек, енді қала және ауыл тұрғындарына медициналық қызметтерді қашықтан алуға мүмкіндік жасалады. Арнайы профилді дәрігерлер, оның ішінде қазақстандық және шетелдік ғылыми орталықтардың мамандары пациенттің медициналық мекемеге келмей онлайн режимде консультация алуына жағдай жасалады.

– Медициналық қызметтерді қашықтан алуға қатысты сұрақтар болса, пациент учаскелік дәрігеріне немесе өз емханасындағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуге болады, -деді жауапты басшы.