Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға шетелдік көліктерді заңдастару туралы айтып берді
– 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру тапсырмасын орындау үшін Заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл шара ағымдағы жылдың 1 ақпанында басталып, одан әрі 6 айға жалғасады деген болжам бар. Ал Түркістан облысында шетелдік автокөлік құралдарын тіркеуге өтінім Түркістан, Сарыағаш қалаларында, Сайрам ауданының Ақсукент ауылында орналасқан 3 арнайы ХҚКО-да қабылданады. Іздестіру базалары бойынша құжаттар мен көлік құралын тексергеннен кейін көлік арнайы ХҚКО жанынан тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Содан кейін алғашқы алым, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баждар, сондай-ақ қажет болған жағдайда кедендік баждар төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін авто иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі, – деп атап өтті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков.
Жоғарыдағы ақпаратты түсіндіру мен басқа да полицейлерге қатысты сұрақтар бойынша Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды “Азаматтарды қабылдау” кеңсесінде 4-5 қаңтар күндері қабылдайды. Тәртіп сақшылары тұрғындардың сауалдарына құқықтық кеңес береді. Полиция департаментінің ресми парақшаларында тікелей эфирлер ұйымдастырылып, полицейлер желі қолданушыларымен байланыста. Нәтижесінде акцияның бірінші тәулігінде тәртіп сақшылары облыс бойынша 160-қа жуық тұрғынды қабылдаған. Ашықтық, халықпен кері байланыс жасауда бұл акцияның берері мол.