Түркістан облысының 39 жастағы тұрғыны өзінің Instagram желісіндегі парақшасында шетелден арзан бағадағы алтын алып келемін деген желеумен тұтынушыларды қызықтырған. Сонымен қатар ол зергерлік бұйымдардың фотосуреттерін және олардың астындағы жалған оң пікірлерді күнделікті жариялау арқылы азаматтардың сеніміне кірген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент полициясына осыған ұқсас шағыммен интернет-алаяқтың құрбаны болған үш жергілікті тұрғын арызданды. Зардап шеккендердің айтуынша, алаяқ басқа елден алтын бұйымдардың бір грамын 15 мың теңгеден алып келуге уәде берген. Әйелдердің әрқайсысы бірнеше қымбат зергерлік бұйымдарға тапсырыс беріп, алдын ала төлем жасаған. Біраз уақыттан кейін олар хат алмасып отырған адам олардың байланыс нөмірлерін бұғаттап тастағанын анықтады. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 млн теңгеден асты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жәбірленушілер берген ақпаратты зерттеп, олардың ақша аударымдарын тексерді. Қабылданған шұғыл шаралардың нәтижесінде күдікті Түркістан облысының аумағында ұсталды.