Абай АПБ-ның “102” арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Ол 3 жасар баласынан аяқ асты көз жазып қалғанын, баласы үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізді. Анасының айтуынша, бүлдіршіннің қолында самокаты болған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға орнына шұғыл жеткен патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Ержан Абуев пен Жеңіс Сарыпбеков жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Кішкентай баланың өміріне төнуі мүмкін қауіптің барлығын ескеріп, айналаға шұғыл шолу жасады. Атап айтқанда, ойын алаңдары, жақын маңдағы көшелер мен дүкендерді тексерді.
Нәтижесінде полиция қызметкерлері 1 сағат ішінде жоғалған баланы Алматы тас жолы “Сәтті жол” жанармай бекетінің жанынан тапты. Бала жалғыз өзі самокатымен үйінен 2 шақырым жерге ұзап кеткендігі анықталды.
Баланың анасы тәртіп сақшыларының жедел әрі нәтижелі жұмысы үшін алғыс білдірді.
Шымкент полицейлері ата-аналардан перзенттеріне мұқият болуды, бір сәтке де назардан тыс қалдырмауды сұрайды. Өйткені, балалар әртүрлі қылмыстық жайттардың немесе жол апаты жағдайларының құрбаны болуы мүмкін.