18+

Түркістанда 10 мың тұрғынға есірткінің зияны туралы ақпарат берілді

Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері осы жылды қорытындылай келе, есірткі қылмысының алдын алу, нашақорлыққа жол бермеу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізу деңгейін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы бағытта облыс аумағындағы 17 полиция бөлімінің қызметкерлері, оқу орындары, сауда орталықтары, яғни адамдар көп шоғырланатын аймақтарда түсіндірме жұмыстарын ұдайы өткізіп келеді. Бұған күні кеше облыс орталығындағы жаңадан ашылған спорттық стадионда өткен концертте қамтылған азаматтарды да қоса аламыз.

Мәселен, концертке жиналған жалпы саны 10 мыңға жуық көрерменге есірткіні пайдаланудың зияны, оның заң алдындағы жауапкершілігі жайлы толығымен ақпарат беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Лед экрандар арқылы полиция дайындаған ескерту бейнероликтері көрсетілді. Жастарымыз «Есірткіге жол жоқ!» ұранымен плакаттар дайындап, профилактикалық жұмыстарға үлестерін қосты.

Айта кетсек, жыл басынан бері облыс полицейлері есірткіге қатысты 268 қылмысты тіркеді, өткен жылмен салыстырғанда тіркелім 4,9% азайды. Заңсыз айналымнан 337 келі түрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде синтетикалық есірткінің 8400-ден астам дозасы тәркіленген. Аса ауыр қылмыс жасаған 34 адам ұсталды. Есірткі контрабандасымен 137 шетелдік қамауға алынды.

Сондықтан тәртіп сақшылары барша азаматты зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Профилактикалық жұмыстар әрі қарай жалғасады.